“Маңғыстаумұнайгазды“ Қытай азаматы басқаратын болды: ол туралы не белгілі?

“Маңғыстаумұнайгазды“ Қытай азаматы басқаратын болды: ол туралы не белгілі?
Фото: kmg.kz

"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ бас директоры болып қытайлық Вэнь Цзяцзюнь тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Акционерлер туралы келісім ережелеріне сәйкес "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның жоғары буын және бөлімшелер басшыларын әр үш жыл сайын ротациялау қарастырылған.

"Осыған орай 2024 жылы 2 желтоқсанда ММГ Директорлар кеңесінің шешімімен кезектілік негізінде "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ бас директоры болып Вэнь Цзяцзюнь тағайындалды", - делінген хабарламада. 

Жаңа басшы туралы не белгілі? 

Вэн Цзяцзюнь 1978 жылы 19 қыркүйекте Қытай Халық Республикасында дүниеге келген.

Ол И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетін ("Геология және пайдалы қазбаларды барлау" бағыты бойынша техника және технология магистрі) бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы CNDOC компаниясының өндірістік-техникалық бөлім инженері болып бастаған. 2005-2024 жж. "СНПС-Ай Дан Мұнай" АҚ-да еңбек етіп, жетекші супервайзерден компания президентіне дейін көтерілді. 2024 жылдың мамырынан 2024 жылдың желтоқсанына дейін ММГ бас директорының бірінші орынбасары болды.

"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ бас директорының бірінші орынбасары болып Болат Сейтмағанбетов тағайындалды. Б.Сейтмағанбетов 1971 жылы 12 ақпанда Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында дүниеге келді.

Б.Сейтмағанбетов Қазақ политехникалық институтын "Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану" мамандығы бойынша, Алматы менеджмент университетін (іскерлік әкімшілік магистрі) бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы "Қаламқасмұнайгаз" өндірістік басқармасында мұнай және газ өндіру операторы болып бастады. Бұл мекемеде әр жылдары инженер-технолог, жетекші инженер, цех бастығы, өндірістік басқарма бастығы болып жұмыс істеді. 2022 жылғы ақпаннан 2024 жылғы желтоқсанға дейін "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ "Жетібаймұнайгаз" өндірістік басқармасының бастығы қызметін атқарды.

Бұған дейін кім басшы болды?

Еске салайық, бұған дейін "Маңғыстаумұнайгаздың" бас директоры Мұрат Мұстафаев қызметінен кеткен еді. 

Ол 2023 жылғы ақпаннан бері компанияның бас директоры қызметін атқарған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек