Алматы гарнизонының әскери сотында маңғыстаулық сарбаздың өлімі туралы іс бойынша шешім қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, оның өліміне Атыраудан әскер қатарына шақырылған 18 жастағы Айболат Аманжолов кінәлі деп танылған. ҚР Қорғаныс министрлігі алдымен қайтыс болған жігіттің туыстарынан ешнәрсе жасырмайтындарын мәлімдеді. Алайда олар уставқа сай келмейтін қарым-қатынасты жоққа шығарып, сарбаз табиғи себептен қайтыс болғанына сендірді. Кейін оқиға қоғамдық резонанс тудырды, Президент те жағдайға араласып, мұқият тергеу жүргізуді тапсырды.
Нәтижесінде Айболат Аманжолов кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал марқұм Әлібектің туыстары сотталған адамның кінәлі екеніне сенбейді. Олар нағыз кінәлілер жазадан құтылып кетті деп санайды.
Айта кетейік, Әлібек Қалбай Жамбыл облысындағы әскери бөлімге келгеннен кейін төрт күннен соң қайтыс болды. 2022 жылғы 22 сәуірде таңертең Маңғыстау облысының тұрғыны есінен танып қалып, ал кейінірек ауруханада көз жұмған.
Еске салайық, бұған дейін Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты бірге борышын өтеген сарбаз күдікті деп танылғаны хабарланған болатын. Әскери прокуратура өкілдері соталды тергеу кезінде күдіктінің кінәсін дәлелдейтін материалдар жиналғанын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!