Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігерлері 30 жастағы науқасқа лапароскопиялық спленэктомия, кистэктомия операциясын жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл ота ауруханада сирек жасалады. Дәрігер Әлия Тағанованың айтуынша, науқас сол жақ қабырғасының ауырсынғанын айтып келген. Жедел түрде КТ, УДЗ жүргізіліп, көкбауырда үлкен киста бар екені анықталады.
"Науқасқа лапароскопия арқылы теріні кеспей талақты алып тастау (спленэктомия, дренаждау) операциясы жасалды. 2,5 сағатқа созылған ота сәтті өтті. Науқастан 15 сантиметр киста алынды. Операциядан кейінгі кезеңі жеңіл болды. Науқастың өзі еркін тұрып, жүре алды. Екі-үш күннен соң үйге шығарылды. Жалпы мұндай операциялар бұған дейін лапаротомия, яғни теріні кесу арқылы жасалатын. Ал қазір заманауи құрал-жабдықтардың нәтижесінде ота ауырсынусыз жасалуда", - деді хирург-дәрігер Әлия Тағанова.
Операцияны дәрігер Сағат Бітімов және Әлия Тағанова жасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!