- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстаулық дәрігерлер жаңа...
Маңғыстаулық дәрігерлер жаңа туған сәбидің басына операция жасады
Маңғыстаулық дәрігерлер инсультпен ауыратын жаңа туған нәрестеге сәтті операция жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері дүниеге келген күнінен бастап 39 күнге толмаған жаңа туған нәрестені аман алып қалды. 2022 жылдың желтоқсанында туған нәресте 13 қаңтарда балалар ауруханасының реанимация бөліміне өте ауыр жағдайда жеткізілді. Баланы толық зерттеп-қараған дәрігерлер "цереброваскулярлық жүйенің бұзылуы" деген диагноз қойды.
"13 қаңтарда нәресте "цереброваскулярлық жүйенің бұзылуы" деген диагнозбен ауруханаға түсті. Дәрігерлер нәрестеден жедел субдуралдық гематома, сол жақ мидың ісінуі, инсультты анықтады. Шешім дереу қабылданып, шұғыл операция жасалды. 1 сағатқа созылған операция сәтті өтті", - деді балалар нейрохирургы Ербол Кенжебалов.
Министрлк өкілдері миға операцияны балалар нейрохирургы Ербол Кенжебалов жасағанын атап өтті. Операциядан кейін 10 күн бойы реанимациядағы сәби реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың, реаниматологтар Гулайым Джанованың, Амангелді Әшімханның, Елена Горбунованың бақылауында болды. Бала жасанды өкпе желдеткішіне қосылып, оған қан мен плазма енгізілді, емделді және тәулік бойы бақыланды.
Жағдай тұрақтанғаннан кейін бала палатаға орналастырылды. Жаңа туған нәресте анасымен бірге травматология бөлімінде емделуді жалғастырды. Жалпы жағдайды тұрақтандырғаннан кейін дәрігерлер баланы үйіне шығарды. Бүгінде ол дәрігерінің бақылауында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина