Маңғыстаулық ата-аналар алданғанын айтып шағымданды

Маңғыстаулық ата-аналар алданғанын айтып шағымданды
Фото: depositphotos.com

Ақтаулық ата-аналар ҰБТ мен зияткерлік мектепке дайындайтын оқу орталығына алданып қалғанын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ақтауда балаларды ҰБТ мен зияткерлік мектептерге дайындайтын оқу орталығына алданғандар шу шығарды. Олардың сөзінше, LETS орталығының басшысы 200-ге тарта ата-анадан бір жылдың ақшасын жинап алып, табанын жалтыратқан. Тіпті осы жерде сабақ берген мұғалімдерге де еңбекақы төлемепті.

"Байланысқа шықпайды. Кеше чатта Мамед деген ғимараттың басшысы шығатынын айтты. Сонда бұл алаяқтықты білдіреді ғой. Ақшасын ала алмай отырса, не үшін ол кісімен шығып сөйлеседі? Не үшін ол бізге "қайтадан оқуды жалғастыра берсін" деп айтады? Осы бизнесті жалғастырып кетуге керек дейді. "Сіздерге жай ғана көмектесемін" дейді. Әр ата-ана 20 мың теңгеден төлеуі керек. 200 ата-анадан 20 мың -  4 млн болады. Қарайған ақша ғой!" - дейді Баян Тұрғанбаева.

Телеарна мәліметінше, LETS оқу орталығының негізін қалаушы Атырау қаласында тұрады. "Белгілі блогерлер жарнамасын жасаған соң қатты сендік", дейді ата-аналар. Тіпті ұл-қыздарын оқытуға несие алып, әрқайсы 490 мың теңгеден ақша төлеген. Алайда қолында келісімшарты бар ата-аналар енді ақшасын даулап жүр. Өйткені оқу орталығының басшысы ізім-қайым жоғалған. Амалы таусылғандар қала прокуратурасына жаппай арыз жазды.

"LETS білім беру орталығының басшыларына қатысты полиция және басқа да мемлекеттік уәкілетті органдармен бірлесіп,  тиісті тапсырма беріп, арыздағы уәждерді жан-жақты тексеріп, тиісті шара қабылданады. Ата-аналарына хабарланады", - дейді Ақтау прокуратурасының бөлім бастығы Бақдәулет Ахметов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget