Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы "Каспий" су тұщыту зауытында жаңғырту аяқталып қалды. Жұмыс 95 пайызға орындалды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жоспарланған көлемге шығу нәтижесінде кәсіпорын халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қуатын екі есеге арттырады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысы Жолдауында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Қабылданған бағдарлама шеңберінде біздің зауыт өндірісті тәулігіне 20 мың текше метрден 40 мың текше метрге дейін ұлғайта отырып, жаңғыртудан өтуде. Қазіргі сәтте жұмыс 95 пайызға орындалды. Келесі жылдың қараша айында тәулігіне 40 мың текше метр су беру көрсеткішіне жетуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, зауыт Ақтау қаласы, Қарақия және Мұнайлы аудандарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етеді", – деді "Каспий" су тұщыту зауыты" ЖШС директоры Серік Ғұсман.
Маңғыстау облысының тұрғындары ұзақ уақыттан бері ауыз су тапшылығынан зардап шегіп келеді. Ақтау қаласы мен жақын аудандардағы мыңдаған отбасы сапалы ауыз суға қол жеткізуге әлі де мұқтаж. Қазіргі уақытта бұл проблема өңірдегі маңызды әлеуметтік дағдарысқа айналды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!