Маңғыстаудағы Құрық портында мыңнан астам жүк көлігі кептелісте тұр

Маңғыстаудағы Құрық портында мыңнан астам жүк көлігі кептелісте тұр
Фото: Порттағы жағдай

Маңғыстаудағы Құрық портында мыңнан астам жүк көлігі кептелісте тұр. Азық-түлік пен басқа да тауарлар тіркеген фуралар осы порт арқылы Әзербайжанға жетіп, одан әрі Грузия, Түркия, Еуропа мемлекеттеріне жөнелтілуі қажет. Алайда ауа райына байланысты шекарадан шыға алмай тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Порт басшылығының сөзінше, көліктердің ұзын-сонар кептелісі ақпан айына дейін жалғасады. 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты өткен қараша мен желтоқсан айында порт жабық болған. Кептелістің екінші себебі - Құрық портындағы паромдар Әзербайжанға тиесілі. Көліктерді Каспий арқылы тасымалдайтын сол паромдардың екеуі қазір жөндеп жатыр. Сондықтан порт басшылығы кептелісті азайту үшін вагонға тиелген жүктерді тасымалдауды тоқтатқан.

"Үшінші себебі геосаясатқа байланысты. Нақты айтқан кезде, Ресей мемлекетіне салынған санкциялар мен Ресей салған кері санкция жағдайына байланысты көптеген транзит жүк көліктері біздің порт арқылы өтіп, жүктер артылып жатыр", - дейді Құрық порты директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Бақыткерей Әлібеков.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина