Маңғыстау облысындағы Құлжан мұнай кен орнында өрт шықты. Өңірлік экология департаментінің баспасөз қызметі өкілдері оқиға орнынан түсірілген кадрларды жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Meerbusch" ЖШС мәліметінше, "Мұнай тапсыру пункті" нысанындағы жергілікті өрт туралы ақпарат 7 тамызда сағат 18:10-да түскен.
Алдын ала мәліметтер бойынша, ЦА-320 цементтеу агрегаты өртенген. Бұл уақытта сыйымдылығы 2000 текше метрлік резервуардың түбіндегі шөгінділерді тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқан. Резервуардың өзі бос болған, ішінде мұнай болмаған.
Өрт сағат 20:00-ге қарай толық сөндірілді. Департамент мәліметінше, мұнай жабдық сыртына немесе нысан аумағынан тыс жерге төгілмеген.
Алдын ала ақпарат бойынша, айтарлықтай материалдық шығын жоқ. Қазір нысан қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.
Өрттің шығу себебі, ықтимал шығын көлемі және болған оқиғаға құқықтық баға беру нысанды тексеріп, тиісті сараптамалар жүргізілгеннен кейін анықталады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!