Маңғыстаудағы жол апаты: қаза тапқан жолаушының қызы жазба жариялады

Ақтау-Бейнеу тасжолында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Салдарынан қаза тапқан әйелдің қызы Facebook-те мәлімдеме жариялады. Lada.kz хабарлауынша, жазба анасы әлі тірі болып, ауруханада ауыр халде жатқан сәтте жазылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тілектес Қазиқызы өңір тұрғындары жол қауіпсіздігі мәселесі туралы билікке бірнеше рет ескерткенін, алайда олардың сөзі елеусіз қалғанын айтты.

"Қыстың басынан бері жолдардың жағдайы мен қауіпсіздігі туралы қанша адам дабыл қақты?" - деп жазды ол.

Әйелдің айтуынша, апаттан кейін анасы жеткізілген Бейнеу аудандық ауруханасында бас-ми жарақаттарын анықтауға арналған диагностикалық құрал-жабдық болмаған, ал санитарлық авиация ауа райының қолайсыздығына байланысты кідірген.

"Неге автобус кешкі 6-да шықты, 3-те емес? Мұнда еш кінәсі жоқ жүргізуші кінәлі ме? Әлде мұндай кеш уақытты қойған Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ма? Әлде жауапсыз "ҚазАвтоЖол" мамандары ма? Әлде ештеңеге мүлде дайындалмаған ауыл, аудан, қала және облыс әкімдері ме? Билік керең әрі соқыр болып тұрған кезде - біз осылай қырыла береміз…", - делінген Facebook-тегі жарияланымда.

Кейінірек оның анасы Бейнеу аудандық ауруханасында көз жұмғаны белгілі болды.

Автожолдың жағдайына қатысты айтылған айыптауларға байланысты Lada.kz тілшісі облыстық әкімдікке, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ның облыстық филиалына және полиция департаментіне бұл жол учаскесінің жағдайы, сондай-ақ, жолдағы трагедия үшін кім жауап беретіні жөнінде сауал жолдады. Жарияланым шыққан сәтке дейін құзырлы органдардан жауап түспеген.

Еске салайық, жол апаты 16 қаңтарда Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау бағытындағы KZ-11 автожолының 383-шақырымында болған.

Кейінірек жарақат алғандар туралы ақпарат белгілі болды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!