- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстаудағы апатты үй...
Маңғыстаудағы апатты үй тұрғындарды шошытып отыр
Маңғыстауда шенеуніктердің жайбарақаттығынан, 130-ға жуық отбасы ескі-құсқы баспаналарда өмір сүруге мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маңғыстау ауданы Сайөтес ауылындағы қос қабатты 18 тұрғын үйдің қолданысқа берілгеніне 60 жылдан асқан. Баспаналар кезінде теміржолшыларға арналып салынған. Бірақ, кейін пәтерлер жекешелендірілді. Алайда үйлердің құжаты жоғалып кеткен. Иесі жоқ үйлерге содан бері бірде-бір жөндеу жүргізілмеген.
"Жағдайы жеткендер көшіп кетті. Біз үреймен өмір сүріп жатырмыз. Күні кеше төбеден бетон құлап, ойнап отырған балаларымның дәл жанына түскен. Содан бері үйге кіруге қорқып қалдық. Отбасымның қауіпсіздігі үшін алаңдаймын",- дейді ауыл тұрғыны Шынар Базарбаева.
Апатты үйлерде 500-дей адам тұрады. Отбасылардың басым бөлігінің жағдайы төмен. Олар ескі-құсқы баспаналарда амалсыздан, жанын шүберекке түйіп тұрып жатыр. Жаңбыр жауса, шұрық тесік шатырдан су ағады. Кәріз жүйесінің де әбден тозығы жеткен. Құбырлар бітеліп, лас су көшеге жайылып жатыр.
"Кезінде үйдің ішіне қараңдар, сыртына біз жауап береміз деп еді. Қазір ешкімнің шаруасы жоқ. Тіреуіштер қойды, одан пайда жоқ. Біресе үйдің алдынан, біресе артынан бетон құлайды. Балалар түгілі өзіміз үйге жатуға қорқамыз. Түнде мен далада түнеп шықтым",- дейді ауыл тұрғыны Берік Айтекенов.
Сайөтес ауылының әкімі Сабыржан Әбдиев 18 үйдің ешбірінің құжаты жоқтығын айтады. Сондықтан осы кезге дейін бюджеттен қаржы бөлу мүмкін болмаған.
"Үйлерді апатты деп тану арқылы ғана мәселені шеше аламыз. Сол үшін ең қауіпті деген 3 үйді апатты деп тану үшін, сараптама жүргізілмек. Оған демеушілік көмекпен қаржы бөлінетін болды. Егер апатты деп тапса, сол үйлердің тұрғындарын көшіріп, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қаралады. Осы әдіспен қалған тұрғындарды да кезең-кезеңмен көшіруді жоспарлаймыз",- дейді ауыл әкімі Сабыржан Әбдиев.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы