Маңғыстаудағы 13 жастағы баланың өлімі: аурухана директоры қызметінен босатылды

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры биыл сәуірде 13 жастағы баланың қаза болуына байланысты қызметінен босатылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жоспардан тыс тексеруінің және жергілікті атқарушы органдар деңгейінде құрылған комиссияның жұмысының нәтижелері бойынша Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қаласының №2 қалалық емханасында медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды.

"Тексеру қорытындысы бойынша облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Медициналық көмек көрсету дерегі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Соталды тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды", - деп жазды Әлназарова өзінің Instagram-аккаунтында.

Ол Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты жағдайды бақылауда ұстайтынын айтып уәде берді.

"Мұндай жағдайлар формалды жауаптарды емес нақты қорытындылар мен жүйелі шешімдерді талап етеді. Астанада қаза болған баланың анасын жеке қабылдау өткіземін. Бұл қайғы - отбасы үшін орны толмас қасірет. Кінәлілер әділ жазасын алады", - деп толықтырды министр.

Мән-жай

Сәуірде баланың анасы Жұлдыз Азанова болған оқиға туралы айтып берген еді. Lada.kz мәліметінше, 17 қаңтарда ұлының іші кенеттен ауыра бастаған. Оны аппендицит деген күдікпен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізген, бірақ үш сағаттық бақылаудан кейін үйіне қайтарып жіберген.

Баланың жағдайы жақсармаған: ауырсыну басылмай, дене қызуы көтерілген. Отбасы бірнеше рет емханаға және инфекциялық ауруханаға жүгінгенімен, диагноз қойылмай, жасөспірімді үйіне жіберіп отырған.

Нәтижесінде, науқастың жағдайы нашарлағаннан кейін ғана ауруханаға жатқызылып, ота жасалған.

"Алтын уақытты жоғалтып алғандықтан, ота кезінде хирургтар тек соқыр ішекті емес, ішектің біршама бөлігін де алып тастады. Сондай-ақ, дәрігер хирургиялық араласу кезінде критикалық жағдайлар тіркелгенін - жүректің бірнеше рет тоқтап қалғанын айтты", - деді Жұлдыз Азанова.

Кейін жасөспірім санитарлық авиациямен Алматыға жеткізіліп, емін жалғастырған, бірақ оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысындағы 13 жастағы жасөспірімнің өлімінен кейін тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!