Маңғыстауда ұшақ апатынан зардап шеккен соңғы науқастарды еліне шығарып салды

Маңғыстаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккен соңғы науқастарды еліне шығарып салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін, 30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының басшылары, дәрігерлер мен құтқарушылар ұшақ апатынан зардап шегіп, жансақтау бөлімінде 6 күн емделген үш әзербайжандық азаматты арнайы бортпен еліне шығарып салды.

25 желтоқсаннан бері облыстық көпбейінді емханасының жансақтау бөлімінде жатқан Лейла Омарова, Муслимат Сираджова мен Хафизат Халаеваны бүгін Әзербайжаннан арнайы келген ұшақтармен еліне алып кетті.

"Үшеуінің де жағдайының динамикасы нашарлаған жоқ, бір науқас механикалық вентиляциядан, вазопрессордан және дәрілік седациядан шығарылды. Ал екеуінде вазопрессорлардың дозасы минималды дозаларға дейін төмендетілген. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін барын салды", - делінген хабарламада.

Бүгінде Маңғыстау облыстық көпбейінді емханасында ұшақ апатынан зардап шеккен науқастар жоқ.

"Маңғыстаулық дәрігерлер әуе апатынан жарақат алған 29 азаматтың түгел аман-есен еліне жеткеніне дән риза", - деп хабарлады әкімдік.

Еске салайық, бұған дейін 29 желтоқсан күні Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен қырғызстандық үш азамат - Тилек Осмонов, Эрлан Джунушуалиев және жансақтау бөлімінен шыққан Асанов Ринат Ақтауға келген жақын туыстарымен бірге өз еліне жол тартқанын хабарлаған едік.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!