Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері Маңғыстау облысында 9 жастағы бала уланып көз жұмған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, алғашында туыстар астан улану белгілерімен ауруханаға жатқызылған. 2016 жылы туған бала Мұнайлы орталық аудандық ауруханасына 19 қыркүйекте түскен. Сол күні жағдайы ауыр болуына байланысты Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған.
Мамандар балада ботулизм болуы мүмкін деп күдіктенген.
"Балаға ботулизмге қарсы сарысу егіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды, қарқынды терапия жүргізілді. Науқасты тасымалдауға болмайтынын ескеріп, Денсаулық сақтау министрлігі және облыстық денсаулық сақтау басқармасы республикалық деңгейдегі мамандарды жұмылдырды. Өңірге Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі мен анестезиолог-реаниматолог дәрігер келіп, емдеу тәсілін түзетті. Кейін тұрақты түрде консилиумдар, телемедициналық консультациялар өткізіліп тұрды", - деді министрлік өкілдері.
Дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, 6 қазанда бала көз жұмған.
Қазір ауруханада отбасының тағы үш мүшесі емделіп жатыр. Баланың әкесінің беті бері қарап келеді, қалған екі ересек адам облыстық көпбейінді ауруханада дәрігерлердің бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда ысталған балық жеген отбасы жансақтау бөліміне түскені хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!