Маңғыстауда “Таза Маңғыстау“ экочелленджі қорытындыланды

Маңғыстауда “Таза Маңғыстау“ экочелленджі қорытындыланды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 15 желтоқсан күні "Таза Маңғыстау" 45 күндік әлеуметтік-экологиялық челленджінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, қатысушыларды құттықтады. 

Челлендж Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылып, өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталды. 

Салтанатты шара барысында облыс әкімі экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың белсенділігін ерекше атап өтті. 

"Таза Маңғыстау" – бұл бір реттік акция емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын қоғамдық қозғалыс. Табиғатты қорғау әр адамның күнделікті өмір салтына айналуға тиіс. Кішкентай қадамдар арқылы үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болады", – деді Нұрдәулет Қилыбай. 

Челлендж ережесі бойынша 45 күн бойы өңір тұрғындары, жастар, еріктілер мен еңбек ұжымдары тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, ағаш отырғызу, қоқыс жинау және қалдықтарды сұрыптау, су мен электр қуатын үнемдеу бағытында нақты істер атқарды. 

Іс-шара аясында "Таза Маңғыстау" 45 күндік экочелленджінің жеке және ұжымдық санаттар бойынша жеңімпаздары, сондай-ақ "Үздік аула – 2025", "Үздік тұрғын үй кешенінің ауласы", "Үздік бизнес-аумақ", "Үздік кіреберіс", "Үздік аула сыпырушы" байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. 

45 күн ішінде челленджге облыс бойынша 77 команда қатысып, әлеуметтік желілерде 2 600-ден астам экологиялық жарияланым мен игі іс атқарды. Жобаға тікелей 500-ден астам адам тартылып, қосымша 2 мыңға жуық тұрғын экологиялық акцияларға қатысқан. 

Айта кетейік, "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында жыл басынан бері өңірде 130 мыңнан астам адам қатысып, 31 757 ағаш отырғызылды. Нәтижесінде 39 мың тонна қоқыс шығарылып, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget