Маңғыстауда Сенек ауылын құм басып қалуы мүмкін

Маңғыстауда Сенек ауылын құм басып қалуы мүмкін

Сенек ауылында құм көшкінін тоқтату жұмыстары тоқтап қалған. Бірақ, тұрғындар сексеуіл егуді жалғастыруды сұрайды. Себебі, көшпелі құм ауылға жылжып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елді мекенде құм көшкіні 70-жылдары басталды. Содан бері ауылдағы бейіттер, ескі мектеп пен бірнеше үй құм астында қалған. Көшпелі құмды тоқтату үшін, 1300 гектарға жуық аумақта сексеуіл мен жүзген егілді. Бірақ, соңғы жылдардағы қуаңшылықтан сексеуілдер өспей қалған. Қалғанын төрт түлік жеп қоймай отыр. Сондықтан тұрғындар өсімдік егуді жалғастырып, елді мекенді құмнан қорғауды сұрайды.


"Сексеуіл егуді жалғастыру керек. Өйткені, жақсы нәтиже берді. Ал, олай болмаса шыны керек, ел көшіп кетуі мүмкін. Себебі міне, - құм, міне, -  үй, басып қалады деп қорқамыз. 3-4 айдан бері қараусыз қалды, қоршаулары құлап жатыр. Қанша дегенмен мал кіріп кетеді, дейді" - ауыл тұрғыны Разғали Құлпыбаев.


Өсімдік егілген аумақты күзету Бейнеу орман шаруашылығы мекемесінің жұмысшыларына жүктелген. Орман күзетшісі Есен Қошақанов та тұрғындардың пікірімен келіседі. Себебі өсімдіктерді құмда тұрақтандыру мүмкін болмағандықтан, етегіндегі тегіс жерлерге егілді. Жел тұрса қозғалатын үлкен шағыл құмдар бар. Болашақта олар көшіп, ауылға қайта қауіп төндіреді, дейді ол.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ербол Денов, құм көшкінін тоқтату жұмыстары тоқтамайды деп сендірді. Айтуынша, Бейнеу орман шаруашылығы ұсынған бюджеттік өтінімдер алдағы мәслихат сессиясында қаралады. Қолдау тапса, жұмыстар ары қарай жалғасады.
Сенек ауылында 1800 ге жуық халық тұрады. Елді мекенде құмнан басқа өзекті мәселе жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы