Маңғыстау облысында нөсер жауын салдарынан жылқылар жаппай қырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Жаңбырдан кейін жылқылар батпаққа батып, қырылып қалған. Мал шығыны туралы ақпаратты жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде жариялады. Олардың айтуынша, әр шаңырақ бірнеше бастан он басқа дейін малынан айырылған.
"Маңғыстаудағы нөсерден кейін Ақшымырау ауылы маңындағы малды су ағызып әкетіп, сортаңға түсірген. Көптеген жылқы тұзды батпаққа батып өлді, тағы бір бөлігі әлі күнге шыға алмай жатыр. Егер ТЖМ мен жергілікті билік дер кезінде көмек көрсетпесе, жағдай тіпті күрделене түсуі мүмкін", – деп жазды ауыл тұрғындары.
Олар бұл мәселеге заң шығарушылар мен жануарларды қорғаушылардың назар аударуын сұрады.
Маңғыстау ауданы әкімдігінің мәліметінше, жағдайды бағалау үшін мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылған.
Алдын ала дерек бойынша, 100-ден аса жылқы табылған. Қазір жергілікті атқарушы органдар шығынға ұшыраған малдың нақты санын анықтап жатыр. Себебі мал иелері әзірге түлікті толық түгендеп үлгермеген.
Болжам бойынша, мал шығынына ауа райының күрт бұзылуы - екпінді жел мен нөсер жауын себеп болған. Бағдарынан жаңылған жануарлар жетуі қиын аумақтарға кіріп кетіп, батпақта қырылып қалған. Кейбір үйір елді мекендерден 60–80 шақырымға дейінгі қашықта қырылуы мүмкін.
"Салдарды жою үшін барлық күш пен құрал жұмылдырылды. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметі және жергілікті атқарушы органдар іске тартылды. Суды сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жалғасып жатыр. Жағдай ерекше бақылауда. Мал иелерімен жұмыс жүргізіліп жатыр, заманауи бақылау құралдары мен арнайы техника қолданылып жатыр", – деп хабарлады Маңғыстау ауданы әкімдігі өкілдері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз