Маңғыстауда мерзімді әскери қызметші қаза тапқан: командир сот алдында жауап береді

Әскери бөлім командирінің салғырттығы салдарынан мерзімді әскери қызметші қаза табуына байланысты қылмыстық іс сотқа жолданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас әскери прокуратура мәліметінше, 17 ақпанда Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде командирдің қызметтік міндетіне салғырт қарауы салдарынан сарбаз Р.Жайғалиев қаза тапқан. Оның өліміне байланысты қылмыстық істі тергеу аяқталған.  

"Тергеу барысында бөлім командирі жеке құрамды бақылауды және қарумен жұмыс істеу тәртібін қамтамасыз ету бойынша жарғылар мен ведомстволық бұйрықтарда көзделген шараларды қабылдамағаны анықталды, бұл түптеп келгенде қайғылы оқиғаға себеп болды. Қысқа мерзімде жеткілікті дәлел жинақталып, сот сараптамалары жүргізілді. Нәтижесінде қылмыстық іс сотқа жолданды", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметінен босатылды, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.  

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!