- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстауда қырылған аққулар...
Маңғыстауда қырылған аққулар саны әлі де өсуі мүмкін
Маңғыстау облысындағы Қаракөлде бүгінге дейін қырылған аққулар саны белгілі болды. Бұл туралы облыстық ветеринарлық басқарманың басшысы Бердібек Мархабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта қырылған аққулар саны 1200-ге жуықтаған. Олардың өлексесін жою жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылып жатыр.
"Қаракөлде қырылған аққулар саны 1 110 басқа жетті. Ал Қарақия ауданында 69 аққудың өлексесі табылды. Осыған дейін құстар қазылған шұңқырда өртелсе, қазір Атырау облысынан келген көліктегі крематорий пешінде жойылып жатыр. Болжам бойынша Қаракөлде құстардың қырылуы әлі де жалғасуы мүмкін. Олардың 95 пайызы балапандары болса, қалғандары иммунитеті әлсіз кәрі аққулар. Анықталған ақпаратқа сәйкес балапан құстар жергілікті климатқа сіңісе алмай қырылып жатыр. Орнитолог мамандар ол үшін біраз уақыт керек екені айтып отыр. Сондай-ақ, жабайы құстарға қолдан жем беруге болмайды. Олар көлге солтүстік өңірлерден келген соң демалып, біраз уақыт аялдап ары қарай өздері ұшып кетуі керек. Сондай-ақ, Қаракөлде бұған дейін бір қыста 45 мыңға жуық аққу қыстаған емес", - деді Бердібек Мархабаев.
Маңғыстау облысында аққулардың алғаш қырылуы былтыр 19 желтоқсанда айтылды. Кейін ресми түрде сала мамандары 21 желтоқсанда мәлімдеме жасап, Қаракөлде құс өлімі тіркелгенін растады. Уақытпен бірге өлген құстар саны саны күрт артып, олардың денесі арнайы лабораторияда зерттеліп, құс тұмауы жаппай қырылуға себеп болды деген тұжырым айтылған еді. Кейін орнитолог мамандар зерттеу жұмыстарын бастап, Маңғыстау облысы әкімі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина