Маңғыстау облысындағы 70-80 жастағы ақ жаулықты аналар "Ұмытпайық, ұлықтайық ұршықты" деп аталатын шара өткізіп, ұмытыла бастаған қолөнер - ұршық иіруді жастарға көрсетіп, қыр-сырын түсіндірді. Содан соң жас келіндер мен қыздар сынға түсіп, шеберліктерін шыңдады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"8 жасымнан бастап ұршық иіремін. Қазір 13 жасқа келдім. Әжем өрмек тоқиды. Сол үшін жіп иіреді. Бұл адамды шыдамдылыққа тәрбиелеп, қолға жаттығу деп маған да үйретті. "Білгенің өзіңе, істегенің бізге жақсы" деп, еңбекке баулыды, - дейді Шетпе ауылының тұрғыны Кәусар Жандосқызы.
Сайысқа ауыл-аймақтардан барлығы 40-тан астам адам қатысты, бәрі - қолөнермен айналысатын шеберлер. Олар қаз-қатар отырып, қолдарына ұршық ұстағанда көпшілік сүйсінді. Көрермендер де ерекше әсер алды.
"Біздің мәдениетіміз, тарихымыз осы қолөнерден, өнерімізден көрінеді. Ұрпағымыз ұмытпасын десек, ұлықтап, насихаттап жүруіміз керек. Міне, орта буын үлкендерден үлгі алып, дәстүрді жаңғыртып жатыр", - дейді Жаңаөзен тұрғыны Гүлайым Есенаманова.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Көрпе көктеп, іс тігетін қыз-келіншектердің арасынан үздікті анықтау қиынға соқты. Дегенмен, ақтық сайыста 5 шебердің ішінен Қызылтөбе ауылының тұрғыны Венера Палуанова бас жүлдені жеңіп алды. Ұйымдастырушылар шара өзге ауылдарда да жалғасын табады дейді.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!