Кеше, 2 қыркүйекте Ақтау-Форт-Шевченко тасжолында қайғылы оқиға болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде оқиға орнынан түсірілген кадрлар тарады. Видеодан мыжылған көліктің өртеніп жатқанын және өртті сөндіруге арнайы техниканың келгенін көруге болады.
Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2 қыркүйекте Түпқараған ауданында болған.
2 қыркүйек күні сағат 16:04-те Түпқараған ауданындағы Ақтау – Форт-Шевченко тасжолының 43-шақырымында жүріп келе жатқан 2005 жылы шыққан "Тойота Эстима" автокөлігі өртке оранды. Сағат 16:27-де өрт сөндірілді.
Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы жол апатынан сегіз адам – төрт ересек адам мен үш бала зардап шеккенін, тағы бір бала оқиға орнында көз жұмғанын хабарлады.
Зардап шеккен үш бала Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына, үш ересек адам Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілді, біреуі ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
Балалар ауруханасы емдеу мекемесіне 2016, 2015 және 2019 жылы туған үш баланың түскенін растады.
Екі баланың жағдайы тұрақты, үшіншісі жансақтау бөлімінде жатыр. Реанимацияда жатқан науқастың оң қолын кесуге тура келген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!