Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылының маңында бірнеше иесіз иттің өлексесіне қатысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желі қолданушылары аудан аумағындағы шұңқырда жатқан ит өлексесі жатқанын бейнежазбаға түсіріп жариялаған болатын. Тұрғындардың айтуынша белгісіз біреулер иттерді атып, Батыр ауылына жақын маңдағы карьерге тастап кеткен. Ал олардың арасында тірі күшік бары да бейнежазбада анық байқалады.
Аталған жағдайға қатысты Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Мархабаев мәселенің қазір тексеріліп жатқанын жеткізді.
"Шулы бейнежазбаға орай біздің мамандар іздеу жұмыстарын бастады. Мұнайлы ауданына қарасты Батыр ауылының әкімдігімен сөйлестік. Ол маңда иттің өлекселері табылмады. Әкімдік өкілдері мұны жоққа шығарды. Айтуынша, ол ауылда арнайы жою орны бар. Бұдан бөлек, Маңғыстау ауданында болғаны туралы болжам айтылып отыр. Алайда ол ауданда да бұл оқиға тіркелмеген. Қазір тиісті жұмыстар қолға алынып, жағдай бойынша іс-шаралар жүзеге асады. Жұрттан түскен шағым ескерусіз қалмайды", - деді Бердібек Мархабаев.
Осыған дейін Маңғыстау облысында блогер Азамат Сәрсенбаев иттердің өлексесін өртеу жағдайы бойынша бейнежазба жариялаған еді. Кейін бұған қатысты Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Мархабаев болған оқиғаның барлығы тиісті нормаларға сәйкес атқарылып жатқанымен түсіндірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!