Статистика бюросының мәтіметінше, Маңғыстау өңірі - ел бойынша кедейлік деңгейі жоғары аймақ. Өткен жылдың қорытындысына сай, өңірде күнкөріс деңгейі жан басына шаққанда қалада 57 мың ал, ауылдарда 60 мың теңгені құрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Облыста кедейлік деңгейі өсті. Мысалы, шағын отбасында 1 адам жұмыс істейді делік, әйелі бала күтімімен отыр. Отағасының жалақысы жан басына бөлгенде 57 мың теңгеге жетпейді. Сол сияқты отбасылар көп. Демек, үйге келетін табыс аз, көнкөріс нашар дегенді білдіреді", - дейді Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің басшысы Римма Утюшева.
Тұрғындар да мұны растап отыр.
"Қымбатшылық аспандап тұр. Табыс аз, күнкөріс төмен болмай қайтеді. Тойып тамақ жеу үшін, 500 мыңнан кем таппау керек. Бірақ, екі қолға бір күрек таппай жүргендер қаншама", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Доғдырбай Сейсекенов.
Облыста ресми тіркелген 17 мыңнан астам жұмыссыз бар. Ал, соңғы ресми мәлімет бойынша, орташа жалақы 509 мың теңгені құрап отыр.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!