Маңғыстау облысында Аташ жағажайы маңындағы Каспий теңізі акваториясынан майлы дақтар анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап.
Экологтар аумақта мониторинг жүргізіп, теңіз суынан зертханалық сараптамаға сынама алған. Майлы дақтар анықталғаны туралы ақпарат 8 тамызда түскен. Осыған байланысты Маңғыстау облысы Экология департаментінің мамандары Аташ жағалауы мен оған іргелес Каспий теңізі акваториясын тексерген.
"Мониторинг барысында теңіз суынан сынама алынды. Ол зерттеуге жіберілді", - деді Экология департаменті өкілдері.
Қазір Аташ аумағында және оған іргелес теңіз акваториясында мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр. Ведомство мамандары теңізде жұмыс істейтін кеме экипаждарына, сондай-ақ, айлақ иелеріне экологиялық талаптарды қатаң сақтау және мұнай өнімдері теңізге төгілуіне жол бермеу қажет екенін ескертті. Жағдай Экология департаментінің бақылауында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!