Маңғыстауда екі жасар қыз бала улы қарақұрт шаққаннан кейін жансақтау бөліміне түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша ойын кезінде басқа кішкентай бала оған өрмекшіні берген, ал қыз оны жұтып қоюы мүмкін. Қасында болған алты жасар бала оның өрмекші екенін айтқан. Кейінірек бүлдіршіннің жағдайы күрт нашарлап, оған шұғыл медициналық көмек қажет болған.
Қыз бала аудандық ауруханадан облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың айтуынша, баланы ауыстырмас бұрын дәрігерлер аудандық әріптестерімен телемедициналық кеңес өткізіп, әрі қарай емдеу тактикасын талқылаған.
Дәрігерлер қарақұртқа қарсы сарысу егіп, науқасты шұғыл түрде облыс орталығына жеткізу туралы шешім қабылдаған.
Ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланған. Ол бірінші дәрежелі комада жатқан. Дәрігерлер дереу қарқынды терапияны бастап, консилиум өткізіп, республикалық мамандармен қосымша консультациялар ұйымдастырған. Емдеу барысында қарақұртқа қарсы сарысу екі рет егілген.
Бүлдіршін он күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Осы уақыт ішінде дәрігерлер мен медбикелер оның жағдайын тәулік бойы бақылап, ем-дом шараларын реттеп отырған. Бірте-бірте оң өзгерістер байқалып, қыз бала комадан шығып, өздігінен тыныс ала бастаған, осылайша, оны жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратқан.
Жағдайы тұрақталғаннан кейін науқас бейінді бөлімге ауыстырылып, онда тағы төрт күн болған. Содан кейін қыз бала үйіне шығарылған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова