Маңғыстау облысы Құрық кентінде бір топ жасөспірім мүмкіндігі шектеулі баланы соққыға жыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір зардап шеккен бала ауруханада жатыр. Оның ата-анасы кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр. Олардың сөзінше, бұл балаларына жасалған алғашқы шабуыл емес.
Анасының айтуынша, былтыр қыркүйекте де бір топ бала ұлын ұрып-соққан. Алған жарақаттарынан соң жасөспірімде ұстама пайда болыпты, оған 2 дәрежелі эпилепсия диагнозы қойылып, мүгедектіктің үшінші тобы тағайындалған.
"Оқиға 20 қыркүйекте сағат 06:30 шамасында болды. Ұлым досымен бірге жергілікті дүкеннің маңында тұрған. Баламның айтуынша, олар 8-10 адам болған, кейін оны ұра бастапты. Күдікті адамдар белгілі, олардың жеке басы анықталған. Алайда қылмыстық іс әлі қозғалған жоқ. Күдіктілерге әкімшілік хаттама толтырылды. Сот-медициналық сараптама әлі тағайындалмады. Әділдік орнағанын қалаймыз", - дейді зардап шеккен баланың ата-анасы.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері бұл оқиғадан хабардар екендерін, қабылданған шаралар бойынша жауап дайындап жатқанын айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!