Депутаттар кейінгі жылдары батыс өңірде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервис компаниялары жұмысшыларының ереуілдері жиі болып жатқанын айтты. Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев Үкімет басшысы атына жолдаған сауалында тендер мәселесіне қатысты осындай түйткілдерді шешуді сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеше бір топ маңғыстаулық мұнайшы өңірде өз мәселелері шешілмегендіктен Астанаға келген болатын. Депуттардың сөзінше, былтыр да Астанада осындай оқиға болған.
"Кешегі сайлауалды үгіт-насихат кезінде бірнеше сервис компаниясы "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры" ережелерінің талаптары ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін айтып шағымданған болатын. Мысалы, Маңғыстауда бір жауапкершілігі шектелген серіктестік жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, жергілікті әйелдерді тұрақты жұмыспен қамтып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған болатын. Алайда жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен контракт ала-алмай қалса немесе баға демпингісінен контракт сомасы едәуір төмендесе, 90 пайыз жұмысшылары жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады", - деді AMANAT фракциясы мүшелері.
Олар Үкімет "Самұрық-Қазына", "ҚазМұнайГаз" және жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті деңгейді жұмыс атқарылмағанын сынға алды.
"Өткен Мәжілістің жетінші шақырылымында Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелерді көтергенбіз. Бірақ Үкімет, "Самұрық-Қазына", "ҚазМұнайГаз" және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар жасалмады, тиісті нәтиже болмады. Ал Маңғыстауда жарылайын деп тұрған "жара" көп. Оларды кешенді түрде "емдеумен" айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде сізге хатта жолдадық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер? Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең "қолымызды мезгілінен кеш сермедік" деп жүрмеңіздер", - деді олар.
Депутаттар мердігер компаниялардың алдында қандай мәселелер туындайтынын да айтты.
"Сервис және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі, бірақ келесі факторлар: тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейі төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігі сақталмауына, техникалар жаңаланбауына себеп болып отыр", - деді олар.
Депутаттар ереуілге шыққан "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесі басшыларымен кездескенін, айтылған кемшіліктерді олар да айтқанын жеткізді. Компанияның ресми өтініші бойынша жұмыстар жасалып, құзырлы органдарға хат жолданған.
Мәжіліс депутаттары көтеріліп отырған мәселеде жүйелік қате бар екенін, сондықтан "Самұрық-Қазына әл-ауқат қоры" ережелеріне бірқатар өзгерісті шұғыл түрде енгізу қажет деп санайтындарын жеткізді.
"Бірінші, баға демпингісіне шектеу қою. Мысалы, тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек;
Екінші, сервис компанияларымен көпжылдық келісімшарттарға отыру сұрағы шешілсін, яғни компаниялардың жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.
Үшінші, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбекақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек. Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепіл болады және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тарапынан бақылап отыруға мүмкіндік туады", - деді олар.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары дау туғызған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, кемшіліктер анықталса, тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін қарауды сұрады.
Еске салайық, Жаңаөзеннен Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимарат маңында пикетке шыға бастады. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
Кейін полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшылардың не үшін ұсталғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары мәліметінше, митинг өткізуге рұқсаттары болмауы салдарынан акцияның ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары ұсталған.
Ал Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті. Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау тұрғындарын сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға үндеді. Астанадағы мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасап, бәрі дін аман екенін хабарлады.
Кейінірек ұсталғандар босатылғаны, олар Жаңаөзенге қайтқаны, жұмысшылардың талаптарын шешу үшін "ҚазМұнайГаз" бен "БерӘлі Маңғыстау компаниясы" арасында келісім жасалғаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!