Маңғыстауда “Игі іс“ акциясы аясында 100-ден астам отбасыға көмек көрсетілді

Маңғыстауда облыс прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Игі іс" әлеуметтік акциясы аясында өңірдегі аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға атаулы көмек көрсетілді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Аталған акцияның негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет пен бизнес өкілдерінің күш-жігерін біріктіру.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, жобаны іске асыруда "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдау білдіріп, өңір кәсіпкерлері белсенді түрде атсалысты. Нәтижесінде бизнес-қоғамдастық өкілдері әлеуметтік жауапкершілік танытып, мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуге үлес қосты.

Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Сәкен Самет жобаның маңыздылығына тоқталды.

"Маңғыстау облысы прокуратурасының бастамасымен және "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен "Игі іс" жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіліп, мұқтаж отбасылар ең алдымен азық-түлікпен қамтамасыз етілуде. Бұл – бастаманың алғашқы кезеңі ғана. Алдағы уақытта әрбір отбасының мәселесін жеке қарап, атаулы көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз", - деді Сәкен Самет.

Сондай-ақ, "Берекет-Ф" компаниясы директорының орынбасары, "Атамекен" ҰКП жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі салалық кеңесінің төрайымы Анара Кульчикова да осындай қайырымдылық акцияларына тұрақты түрде қатысатынын жеткізді.

"Бізге "Игі іс" жобасына қатысу туралы ұсыныс түсті. Оны үлкен қуанышпен қабыл алдық. Осындай қайырымдылық шараларына тұрақты түрде қатысып келеміз. Себебі қоғамда жақсылық көп болуы керек деп есептейміз. Бізге тиесілі "Ақ-нек" сүт зауыты арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға табиғи әрі балаларға пайдалы қышқыл сүт өнімдерін жеткіздік. Атап айтқанда, кефир, айран, тан және құрт әкелдік", - деді Анара Кульчикова.

Іс-шара барысында шамамен 40-қа жуық кәсіпкердің қатысуымен 100-ден астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал