Маңғыстауда монополияға қарсы заңнаманы бұзған бірнеше аудан әкімдігі жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Монополияға қарсы органмен Маңғыстау облысы бойынша бекіре тұқымдас балықтарды өндіру, өткізу және сақтау нарығына талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы орган әрекеттерінен монополияға қарсы заңнаманың бұзушылық белгілері байқалып, Департаментпен хабарлама түріндегі ден қою актілері енгізілді.
Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, коммуналдық меншікке түскен тәркіленген заттай дәлелдемелерді есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жергілікті атқарушы орган айқындаған тиісті ұйыммен орындалады. Аталған ұйым мемлекеттік сатып алу шеңберінде айқындалуы қажет. Қазір хабарлама қала және аудан әкімдіктерімен орындалып, тәркіленген бекіре тұқымдас балықтарды сақтау, өткізу немесе жою үшін ұйымды мемлекеттік сатып алу арқылы таңдау рәсімдері басталды.
Ал Түпқараған, Қарақия ауданы әкімдіктерімен бұл талаптар орындалмауы салдарынан тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеп-тексеру барысында аталған әкімдіктермен тиісті ұйымды таңдауға мемлекеттік сатып алулар ұйымдастырылмағаны салдарынан бәсекелестікке қарсы әрекеттер (әрекетсіздік) бұзушылығы анықталды. Бәсекелестікке қарсы әрекеттер (әрекетсіздік) жасағаны үшін аталған әкімдіктердің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 163 бабы 1 бөлігі). Қарақия ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасы қозғалған әкімшілік құқықбұзушылық туралы іспен келіспей, шағым келтірген болатын. Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотымен және апелляциялық сот алқасымен лауазымды тұлғаның шағымы қанағаттандырусыз қалдырылып, шешім монополияға қарсы органның пайдасына шығарылды.
Осылайша, Қарақия ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына 300 АЕК (1 107 600 тг), Түпқараған ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасына қысқартылған тәртіпте 150 АЕК (553 800 тг) мөлшерінде айыппұл салынып, өндірілді. Монополияға қарсы органмен Қарақия және Түпқараған ауданы әкімдеріне бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер жасау туралы нұсқамалар енгізіліп, қазіргі таңда толықтай орындалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз