Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тұтас бір отбасы уланып қалған. Оқиғаның себебін анықтау үшін комиссия құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2 наурызда Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы жеке тұрғын үйде бір отбасы мүшелері уланып қалған. Құтқарушылар мен жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына жеткен кезде үйден жеті адамның мәйітін тапқан, олардың бесеуі - кәмелетке толмаған бала. Барлығы оқиға орнында қайтыс болған.
Маңғыстау облысы ТЖД-нің алдын ала болжамы бойынша қайғылы оқиға газ жабдықтарын пайдалану ережесін бұзу салдарынан болған.
Қаза тапқандар - Қазақстанда уақытша тұрып жатқан Өзбекстан азаматтары. Төтенше оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов басқарады.
"Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек беріледі, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсетіледі. Бұл оқиға Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін де Ақтаудың іргесінде бір отбасы газдан уланып қайтыс болды. Оқиға 23 ақпанда "Қаламқас" тұрғын үй массивінде болған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова