Маңғыстауда бір мезгілде 40 мың тонна өнім сақтайтын көтерме-тарату орталығы ашылды

7 маусым күні аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Ақтаудағы ірі көтерме сауда орталығының бірінші кезеңінің ашылуына қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған жоба инвесторлар қаржысына салынды. Инвестицияланған қаражат көлемі 4 млрд теңгеге жуық, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Көтерме-тарату орталығындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын 4 қойма пайдалануға берілді. Ауданы 8 гектарды құрайтын аумақта 10 693 тоннаға арналған құрғақ қойма мен 30 мың тонналық климаттық қоймалар қызмет көрсетуге дайын. Бұл орталық азық-түліктің 80% астамы сырттан тасымалданатын өңірдегі бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді.  

 

"Маңғыстау облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – негізгі мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге келген сапарында өлкеміздің ерекшелігіне аса мән бере отырып, "Азық-түлік тауарларының бағасын төмендету бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде сауда инфрақұрылымын дамыту және басқа өңірлердегі тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасауға» қатысты бірқатар тапсырмасын берген болатын. Осыған орай ірі орталықты салатын инвестор тауып, оларға барынша қолдау көрсеттік. Атап айтқанда орталық құрылысына жер телімін бердік, сондай-ақ жобаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктегі несие сыйақы мөлшерлемесін төмендету арқылы мәселені шешуге жұмыс жасадық. Жоба толыққанды іске қосылғаннан кейін кәсіпкердің шығыны субсидияланады. Бүгін біз еліміздегі ең ірі жоба – Ақтау көтерме сауда орталығының 1-ші кезеңінің іске қосылуының куәсі болып отырмыз. Бұл, еліміздегі өзге облыстардың кәсіпкерлеріне, өлкеміздің кәсіпкерлеріне зор мүмкіндік береді. Өз кезегінде нарықта азық-түлік тауарларының көбеюіне және оның бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді", - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, бұл орталық өзге аудандарға шығып кетуге ыңғайлы жерде орналасқан.
 
Жобаның екінші кезеңі аясында екі қабатты көтерме сауда базары салынуда. Жұмыс 90% орындалды. Құрылысты 2024 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарлануда. Сауда базары іске қосылған соң жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сауда орындары берілмек. Бұл өз кезегінде өнімді делдалсыз сатуға мүмкіндік жасап, сол арқылы тұтынушылар үшін бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді.

Материалды Маңғыстау облысының әкімдігі ұсынды

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!