- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстауда ауыл кәсіпкерлеріне...
Маңғыстауда ауыл кәсіпкерлеріне қысым көрсеткен әкім жауапқа тартылды
Шебір ауылының әкімі елді мекенде сағат 23:30-дан кейін сауда-саттыққа тыйым салып, кәсіпкерлерді шығынға батырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ал бұйрыққа бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны ескертілген. Бірақ, шектеудің себебі мен заңдылығы көпшілікке түсіндірілмеген.
"Биыл наурыз айында барлық дүкендерге ауыл әкімінің жарлығы жазбаша түрде таратылды. Онда сағат 23:30-дан кейін ешқандай азық-түлік дүкені жұмыс істемейді. Егер жұмыс істесе, айыппұл салынады делінген. Бұл Мемлекет басшысының жарлығына қарама-қайшы келетінін біліп, құзырлы органдарға хабарластым. Нәтижесінде әкімнің бұйрығы заңсыз деп танылды",- дейді Шебір ауылының тұрғыны Әзірбай Бекиев.
Ауылдарды көркейту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету туралы ел Президентінің тапсырмасын орындаудың орнына, ауыл әкімінің кедергілер ұйымдастыруы тұрғындарға әлі күнге дейін түсініксіз.
"Осы мәселе "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау комиссиясында қаралды. Шебір ауылы әкімінің заңсыз шешімінің күші жойылды. Әкімге 170 мың теңге айыппұл салынды. Ал бас маманына тәртіптік шара қолданылды",- дейді "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Асқар Жақсыбаев.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы