"Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында Ақтау қаласының теңіз жағалауында Summer ecovibe fest эко-фестивалі өтті. Фестиваль "Ecovibe Aktau: белсенділік. Инновация. Қоғамдастық" жобасы аясында "Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен өтті.
Бағдарламада қоршаған ортаға құрметпен қарауға бағытталған эко-жәрмеңке, эко-лекциялар, экскурсия, батпырауық фестивалі, эколаборатория көрсетілді.
Сонымен қатар эко-фестивальде йога, скандинавиялық серуендеу, шеберлік сыныптары, қайта өңделетін пластмасса мен макулатураны жинауға арналған қораптар, аниматорлар, самокаттар жарысы өткізілді. Ұйымдастырушылар қызықты эксперименттер көрсетілген ғылыми шоу дайындады.
"Эко-фестиваль Ақтау қаласында екінші рет өткізіліп отыр. Былтыр қыс мезгілінде эко-фестиваль ұйымдастырылған болатын. Мұндай шараны жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Себебі бұл шаралар тұрғындардың тек өз тұрғын үйі мен ауласының ғана емес, қала мен елдің тазалығын сақтауға деген жауапкершілігін оятуға септігін тигізеді. Сондай-ақ бұл шара тазалықтың маңыздылығын үйрету немесе түсіндіру ғана емес, тұрғындарға қызықты етіп көрсете алдық деп есептеймін", - деді Эко Маңғыстау ҮЕҰ директоры Кирилл Осин.
Маңғыстау облысының баспасөз қызметі ұсынған материал