Маңғыстауда 4 бірдей мектептің түлектері түгелдей грант иеленді

Маңғыстауда 4 бірдей мектептің түлектері түгелдей грант иеленді
Фото: Midjourney

Аймақтағы екі мемлекеттік, екі жекеменшік мектептің түлектері толықтай білім беру грантын иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олар - Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінің 22 оқушысы, Бейнеу ауданы Бейнеу гимназиясының 19 түлегі, Мұнайлы ауданындағы "GRANT" HIGH school-lyceum" мектеп-лицейінің 9 оқушысы және "QazBilim" ұлттық лицейінің 13 түлегі.

Бұл түлектердің басым бөлігі мектепті де үздік аяқтаған. Мысалы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің 5, Бейнеу гимназиясының 1 түлегі "Алтын белгі" иегері, ал Ақшұқыр мектеп-лицейінің 1 оқушысы мен Бейнеу гимназиясының 2 оқушысы "Үздік аттестат" алған. Енді міне, грант ұтып, тегін білім алатын болды. Түлектер - мұғалім, инженер, IT және байланыс саласы мамандықтарын таңдаған.

Бейнеу гимназиясының "Алтын белгі" иегері Інжу Нұрбергенова сыныптың осындай жақсы нәтижесі түлектердің үздіксіз дайындығы мен мектеп ұжымының жемісті еңбегі дейді.

"ҰБТ-дан 120 ұпай жинадым. Информатика, математика пәндерін таңдадым. Қазақстан-Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар мамандығына грантқа оқуға түстім. Мектеп түлектерінің тұтастай грантқа түсуі, Маңғыстау облысының білім саласындағы үлкен жетістігі деп санаймын. Мұндай нәтижеге түлектердің тынымсыз дайындағының, ата-аналардың және гимназия ұжымының жемісті еңбегінің арқасында жеттік деп ойлаймын. Сыныптастырымның грант иеленгеніне қуаныштымын", - деді Інжу Нұрбергенова.

Түлектерінің үмітті ақтағанына қуанған сынып жетекшісі Қалампыр Бекқалиева бұл мектептің ғана емес, бірлескен жұмыстың нәтижесі дейді.

"Түлектердің жоғары оқу орнының грантына 100% түсуі оқушылардың алға қойған мақсатына жетуге деген талпыныстарының нәтижесі. Оқушыларымыз бұған дейін де жетістіктерге жетіп жүрді. Оқушымыз Ақнұр Жалғасбаева Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен оқушылардың республикалық олимпиадасының 2-орын иегері, Нұрсауле Нұрым жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың республикалық кезеңінің қатысушысы. Оқушыларымыздың үздік нәтижесіне қуаныштымыз, сәт сапар тілейміз", -деді Бейнеу гимназиясының мұғалімі Қалампыр Бекқалиева.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz