- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстау өңірі еліміз...
Маңғыстау өңірі еліміз тәуелсіздік алғалы гүлденіп келеді
Маңғыстау өңірі еліміз тәуелсіздік алғалы гүлденіп келеді. Аймақта теңіз айлағы мен ірі өндіріс ошақтары және тарихи-мәдени кешендер орналасқан. Соңғы 25 жылда түбекте 124 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылыпты. Өңірге қарасты елді мекендер көгілдір отынмен де, жарықпен де түгел қамтылған. Ауылдарды ауызсумен қамту мәселесі де өз шешімін тауып отыр.
Соңғы жылдары өлкедегі құрылыс саласындағы жұмыс көлемі мың есеге артты. Сонау 1991 жылы осы бағытқа 163 млн теңге бөлінсе, тек былтыр 178 млрд теңге жұмсалды. Көлемі 6,3 млн шаршы метр баспана қолданысқа берілді.
Қазақстан теңіз қақпасының тіршілігі Ақтау портымен тығыз байланысты. Жылына миллион тонналап мұнай, астық, құрғақ жүктер Каспий арқылы шетел асады. Ел экономикасына елеулі үлес қосушы порт жүк тасымалының артуына орай биыл солтүстік бағытта 200 шақырымға кеңейді.
Александр Калявин, Ақтау солтүстік теңіз терминалы бас директорының орынбасары: - Портта орналасқан астық терминалы Каспий маңы елдері арасында баламасыз. Кешен 60 мың тоннаға дейін жүк сақтай алады. Бір мезетте екі теміржол арқылы вагондарды пароммен жөнелтіп, сағатына 500 тонна астықты кемеге тиейді. Жұмыс қуаты жылына 1,5 млн тонна ұн өнімдері және осынша мөлшерде өзге де жүктерді ауыстырып өткізуге қауқарлы.
Маңғыстау – еліміздің мұнай-газ секторындағы жетекші өңірлердің бірі. Мұнда қазақ мұнайының 30 пайызы өндіріледі. Тәуелсіздік алған жылдары қара алтын игеру көлемі 8,2 пайыздан 18,5 пайызға жоғарылады. Өндіріс орындарын автоматтандыру шаралары одан ары жалғасады.
Өңірде орташа айлық соңғы жылдары 370 есе артып, 234 мың теңгеге жетті. Мамандар мұны өлкеде жаңа жұмыс орындарының ашылуымен байланыстырады.
Рақымбек Әміржанов, облыс әкімінің орынбасары: - Отандық тауарлардың Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына шығуына жол ашқан, жаһандық бағыттағы теміржол салынды. Республикалық маңыздағы тасжолдарды қайта қалпына келтіру, өзге облыстармен байланысты нығайтты. Өңірде өндіріс ашып, түрлі жобаларға қаржы құюға ниеттілер саны артып келеді.
Облыстың көлік-логистикалық әлеуеті жіті назарда. Ғасыр жобасы «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізін салу аясында «Өзен-Түрікменстан мемлекеттік шекарасы», «Боржақты-Ерсай» бағыттарында теміржол төселді. Шетпе-Бейнеу, Ақтау-Жетібай автокөлік жолдарын салу жұмыстары қарқынды жүруде.
Облыс тарихында алғаш рет жылдық дамуы 6 пайыздық таукен өндірісіне қарағанда өңдеу өнеркәсібі жедел даму жолына түсті. Сала көрсеткіші соңғы он жылда 15,3 пайызға жетті. Сондай-ақ «Ақтау теңіз порты» АЭА-да металл және мұнай өнімдерін қайта өңдеу салалары іске қосылып, фармацевтикалық тауарлар шығару қолға алынды.
Дереккөз: 24.kz
T. Кіршібаев