- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әкімдік
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданы тұрғындарымен кездесті
7 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданының орталығындағы "Абыл" мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Алдымен аудан әкімі Рахымжан Шалбаев 9 айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады.
Рахымжан Шалбаевтың айтуынша, ауданда үш ауысымда білім беретін мектеп жоқ. Алайда бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан және басқа өңірлерден көшіп келушілер санының көптігіне байланысты мектеп қажеттілігі бар. Осы мақсатта "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында екі мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Аудан халқының табысын арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасына бейнеуліктер белсенді қатысуда. Бүгінге дейін 57 жоба қаржыландырылып, 69 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.
Ауданда ауыз су мәселесі шешілген. Тұрғындардың 97,7%-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Бүгінде Сарға ауылына ғана тіршілік нәрі көлік тасымалы арқылы жеткізіледі. Мәселені шешу мақсатында Сарға ауылында су тазарту ғимараты мен кентішілік су құбырын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба облыстық бюджет комиссияның қарауына ұсынылды.
Аудан 100% табиғи газбен қамтылған. Бейнеу ауылындағы 9 көшені қамтитын жол құрылыс-монтаж жұмыстары да аяқталды. Жалпы, Бейнеу ауданында 490 шақырым жол бар, оның ішінде 178 шақырымы аудандық маңыздағы жол болса, 312 шақырымы ауылішілік жолдар. Аудандық маңызы бар жолдардың 36,5%-ы, ауылішілік жолдардың 35,8%-ы қатқыл табанды жолдарға жатады.
Кездесуде аудан тұрғындары облыс әкіміне толғандырған мәселелерін жеткізіп, шешімін күткен түйткілдерді ортаға салды. Халықтың басым көпшілігі Бейнеу ауданына қарасты ауылдардағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік қажеттіліктер туралы сөз қозғады.
Атап айтқанда, Бейнеу ауылында жерасты суларының деңгейі көтерілуіне байланысты дренажды кәріз жүйесінің қажеттілігі, ауылішілік көлік және жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жұмыссыздық, апатты жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындарын кезекке қою, ауданға бөлінетін автогаз көлемін ұлғайту, денсаулық сақтау, спорт, теміржол вокзалын жаңартуға қатысты сауалдарын жолдады.
Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті органдарға тапсырма берді.
Төрт сағатқа созылған кездесуден соң, Нұрдәулет Қилыбай аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина