Маңғыстау облысының әкімі қазақ-өзбек шекарасы аумағында арнайы бажсыз сауда аймағын құруды ұсынды

22 қазан күні Самарқанд қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерінің бірлескен өңіраралық форумында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысы мен Өзбекстанның экономикалық, сауда-саттық байланыстарын кеңейтуге қатысты бірқатар ұсыныс білдірді.

Бүгінде Маңғыстау мен Өзбекстанды байланыстыратын автожол салынып жатыр. Қазақстан аумағында "Тәжен" кеден бекетіне дейін жол төселуде. Ал күні кеше Қарақалпақстан орталығынан ел шекарасына дейін жаңа автожол пайдалануға берілді. Бұл алдағы уақытта Маңғыстау облысы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының артуына мүмкіндік береді.

Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, Маңғыстау өңірінің көтерме базарларына азық-түлік өнімдерінің, көкөністердің, жемістердің басым бөлігі Өзбекстан Республикасының Бұқара, Самарқанд, Нөкіс, Сырдария егістіктерінен әкелінеді. "Тәжен" кеден бекеті арқылы күніне 250-300-ге жуық жүк көлігі өтеді, оның ішінде орта есеппен Маңғыстау облысына 25-30 жүк көлігі жөнелтіледі. Бұл шамамен 11 мың тонна тауар.

"Біздің делегация құрамында елдегі ең ірі көтерме тарату орталықтарының бірі - "Ақтау ОРЦ" ЖШС-ның құрылтайшысы бар. Қазіргі уақытта олар қажетті сауда алаңын ұсынуға толық дайын және өзбекстандық кәсіпкерлер тарапынан нақты қадамдар күтеді. Біз ол жерде "Өзбекстанда жасалған" сауда алаңын ашып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруға дайынбыз", - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сондай-ақ өңіраралық форумда Маңғыстау облысының әкімі екі ел арасындағы сауда-саттық байланыстарын одан әрі арттыру мақсатында шекаралас аймақта "Қорғас" сауда кешені үлгісінде арнайы бажсыз сауда аймағын құруды ұсынды. Сауда-экономикалық аймақтың ашылуы Маңғыстау облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы тауар айналымын 4 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жиында туризм, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы да сөз болды. Мәселен, Өзбекстан Республикасының туроператорлары үшін Маңғыстау облысындағы тарихи-мәдени және туристік орындарды қамтитын дайын турпакеттер әзірленіп, 2025 жылы жұмысын бастауға дайын екендігі де айтылды.

"Маңғыстау облысын дамытудағы басым бағыттардың бірі - ауыл шаруашылығы болғандықтан, өңірде жылыжай шаруашылығын бірлесіп дамытуды ұсынамыз. Біз су, тыңайтқыштарға кеткен шығындардың бір бөлігін субсидиялауға, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер мен қолайлы жер телімдерін беруге дайынбыз", - деп атап өтті Нұрдәулет Қилыбай.

Форумда аймақ басшысы Өзбекстанмен, соның ішінде Қарақалпақстан Республикасымен екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

Жиын соңында Маңғыстау облысы әкімдігі мен Қарақалпақстан Республикасы арасында, Бейнеу және Ходжейлі аудандары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Тағы бір сәтті келісім Өзбекстанның Nukus dilisha ЖШС мен Бейнеу әкімдігі және "Ақтау ОРЦ" ЖШС-ның арасында жасалды. Өзбекстандық кәсіпкерлер Ақтау қаласы мен Бейнеу ауданында ірі сауда алаңдарын салатын болды.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында Өзбекстанның қатысуымен 140 кәсіпорын тіркелген. Екі өңірдің сыртқы сауда айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13,2 миллион АҚШ долларын құрады. Жалпы тауар айналымынан Өзбекстан Республикасынан келетін импорттың үлесі шамамен 25%-ды құрап отыр.

Материалды Маңғыстау облысының әкімдігі ұсынды

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!