Жерлесін 73 миллион теңгеге алдаған зейнеткерге Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі бойынша айып тағылды, бап бөтеннің мүлкін алдау және сенімге қиянат жасау арқылы аса ірі мөлшерде ақша ұрлағаны үшін жауапкершілікті көздейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Маңғыстау облыстық сотына сілтеме жасап.
"С.Қоқанов 2023 жылы қаңтарда А. куәгер арқылы С. жәбірленушімен танысқан. Сот айыпталушы С.-ның карьер сатып алу ниеті туралы біліп, аса ірі мөлшерде мүлік ұрлау ниеті туындағанын анықтады. Осы мақсатта ол жәбірленуші С.-мен Маңғыстау облысының Қарақия ауданында "Қарамындыбас - 2" жерінде орналасқан карьерді 73 миллион теңгеге сату туралы келісті", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы жәбірленуші С.-дан 30 миллион теңге сомасында алдын ала төлем алады.
"Әрі қарай, С. Қоқанов өзінің қылмыстық әрекеттерін жалғастырып, 4.04.2023 жылы алаяқтық жолмен, өз әрекеттерін сөзбен дәлелдей отырып, "нотариусқа ертең барамыз" деп уәде етіп жәбірленуші С.-дан қалған 43 миллион теңге алды", - деп қосты сотта.
Сатушы мен сатып алушы нотариаттық кеңсеге жеткен күні ақсақал үйдің кейбір құжаттарын ұмытып кеткенін есіне түсіреді. Ол оларды бірнеше күннен кейін әкелуге уәде бергенімен, сатып алушымен де, нотариуспен де байланысқа шықпайды.
"Нәтижесінде, С.Қоқанов өзінің қасақана қылмыстық әрекеттерімен С. жәбірленушіге 73 миллион теңге көлемінде материалдық залал келтірді және осы уақытқа дейін залал өтелмеген. С. Қоқановтың кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, куәгерлермен, бейнежазбалармен, аудиожазбалармен және істегі басқа да дәлелдермен дәлелденді", - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Сотталушыға жаза тағайындау кезінде сот оның зейнеткерлік жасын және кінәні ауырлататын мән-жайлардың жоғын ескерді.
"Сот үкімімен С.Қоқанов Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған осы бапта 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде көзделген ең аз жаза тағайындалды. Жәбірленуші С.-ның талап арызы толық қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады сотта.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз