- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстау облысында...
Маңғыстау облысында үй жануарларына арналған қонақүй ашылды
Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылында үй жануарларына арналған арнайы қонақүй ашылды. Соның арқасында ауыл тұрғындары ит пен мысығын сенімді қолға тапсырып, алыс сапарға алаңсыз аттана береді.
Төртаяқтылардың уақытша баспанасы малдәрігерлік емхана жанында бой көтерген. Мұнда иелер жан-жануарларды дәрігерге қаратып қана қоймай, ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, ота да жасата алады.
Мұхит «Z» деп атаған төртаяқты досын барынша күтіп, баптайды. Сенімді серігіне айналған иті отбасының бір мүшесі секілді. Тағамның дәмдісін аузына тосып, денсаулығын бақылауда ұстайды. Бүгін түрлі ауруға қарсы екпе салдыру үшін емханаға ертіп әкеліпті.
“Қалаға барасың, рентгенге түсіру үшін басқа жерге барасың. Дәрігерге екпе салдыру үшін тағы бір жерге барасың. Енді жақсы болды. Бәрі ауылдық жерде”, — дейді ауыл тұрғыны Мұхит Жәнібеков.
Мұхиттың жағдайын Алина да бастан кешірген. Бір кездері екі итін емдету үшін облыс орталығына қарай сабылатын. Көрген қиындығы кәсіпкерлікпен айналысуға түрткі болды.
Өз ауылынан малдәрігерлік емхана ашты. Жанында үй жануарларына арналған 6 тор бөлмелі қонақүйі де бар. Мұнда ауыл тұрғындарының ит пен мысығын, құстарын сенімді қолдарға қалдырып, алыс сапарға алаңсыз аттануы үшін барлық жағдай жасалған.
“Біздің мақсатымыз – табыс табу ғана емес, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау. Тұрғындар үй жануарларын уақытша қалдырып кете алады. Ауырып қалған жағдайда да осында жатқызып емдейміз. Енді келешекте тор бөлмелердің санын көбейтіп, түйе, жылқы секілді ірі қараларды да емдеуді қолға алмақпыз”, – дейді малдәрігерлік емхана директоры Алина Шарипова.
Малдәрігерлік емханада тұрғындар үй жануарларын мал дәрігеріне қаратып, түрлі ауруға қарсы екпе салдырта алады. Зертхана және рентген, ультрадыбыстық зерттеу бөлмесі де бар.
Тіпті жан-жануарларға ота да жасалады. Жеке кәсіпкер Алина Шарипова келешекте кәсібінің аясын кеңейту үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отыр.
Дереккөз: 24.kz
С. Ерсін