Маңғыстау облысындағы мектептер мен балабақшаларда эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп жатыр. Тұмау немесе ЖРВИ белгілері анықталған балалар сабаққа жіберілмейді. Бұл туралы өңірлік білім басқармасының басшысы Клара Құлатаева брифингте айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, өңірде тұмау жұқтырғандар көбейді, сондықтан білім беру ұйымдарына санитарлық-гигиеналық шараларды күшейту тапсырылды. Барлық мектепте қызметкерлер мен оқушылар визуал тексеруден өтеді, қажет болған жағдайда температурасы өлшенеді. Жөтел, тұмау, дене қызуының көтерілуі немесе аурудың өзге де белгілері бар балалар бірден бөлек бөлмеге жіберіліп, үйіне қайтарылады.
Білім беру мекемелері әр үш сағат сайын сыныптарды желдетіп, ылғал тазалау жүргізуге, температурлық режимді сақтауға және санитайзерлерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті. Көптеген мектепте бұқаралық іс-шаралар уақытша тоқтатылған, бірқатар ұйымда маска тағу режимі енгізілген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз