Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында құрылған жұмыс топтары өңір тұрғындары және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы.
Жаңаөзен қаласында Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев қалалық көпсалалы аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиынға қала әкімі Сымбат Төретаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз және «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Имаммахмұт Шағырбаев қатысты.
Кездесу барысында Аббат Өрісбаев Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, биылғы Жолдау еліміздің 35 жылдық Тәуелсіздігі қарсаңындағы ауқымды саяси реформалардың жалғасы болып саналады. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның қабылдануы, бірпалаталы Парламенттің сайлануы, Халық кеңесінің жұмысын бастауы және Вице-президент институтының құрылуы ел басқару жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі.
Сонымен қатар депутат өңірде «Халықтық құрылыс» жобасы аясында жүзеге асырылатын медициналық инфрақұрылымды дамыту бастамаларына назар аударды. Жолдауда халықтың өмір сапасын жақсарту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелері басым бағыттардың бірі ретінде айқындалғанын жеткізді.
Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз сала бойынша алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жобаларға тоқталды. Ол медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, ана мен бала денсаулығын қорғау және денсаулық сақтау саласына озық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
Бұдан кейін жұмыс тобы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) қызметкерлерімен кездесті. Жиынға Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, эколог Кирилл Осин және «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова қатысты.
Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы хабарлауы бойынша, кездесуде елдің экономикалық дамуы, энергетикалық қауіпсіздік, көлік-логистика әлеуеті, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін арттыру, АЭС салу, Кендірлі әуежайын іске қосу және өңірдің туристік әлеуетін дамыту бағыттарына назар аударылды.
Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Маңғыстауда бала туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы нысандардың маңызы зор. Осы ретте Ақтау қаласында 350 орындық көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, жұмыс тобы «ҚазАзот» акционерлік қоғамының еңбек ұжымымен де кездесті. Жиында «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова Жолдаудағы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды түсіндірді. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында денсаулық сақтау саласында 70-тен астам, білім беру және мәдениет бағытында 50-ден астам нысан салу жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік, инфрақұрылым және шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар Ақтау қаласында білім беру саласы мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Оған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Раушан Аймурзаева, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева, «Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрбек Қарасаев және «Берекет-Ф» компаниясының бас директоры Зарета Фаталиева қатысты.
Әкімдік хабарлағандай, жиында білім беру инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру, этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселелері қозғалды.
«Әділет» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрбек Қарасаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің алдағы даму кезеңіне арналған маңызды міндеттер айқындалған. Сондықтан ондағы бастамалардың мазмұнын әр сала өкілдеріне түсіндіріп, оларды іске асыру жолдарын талқылау маңызды. Оның сөзінше, мұндай кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, өңірдегі өзекті мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев білім беру нысандарын салу және күрделі жөндеуден өткізу тәртібін түсіндіріп, жергілікті деңгейде жобаларды сапалы әзірлеп, қажетті құжаттарды уақытылы ұсынудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ министрлік комитеті өз құзыреті шеңберінде өңірдегі әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға және тиісті деңгейде көтеруге дайын екенін жеткізді.
Кездесулер барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жұмыс топтарының өкілдері Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру тетіктері бойынша түсініктеме берді.
Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы
ұсынған материал