Маңғыстау облысында мектепте астан уланған барлық бала үйіне жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында инфекциядан зардап шеккен 98 баланың барлығы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесінде стационарлық ем алды, үйлеріне шығарылып, тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық бақылауға алынды.
6 қыркүйекте Мұнайлы ауданының №8 жалпы білім беретін мектеп КММ-нің 466 оқушысы дене қызуының көтерілуі, іштің өтуі, құсу, әлсіздік сияқты белгілері бар облыстың медициналық мекемелеріне жүгінгенін естеріңізге сала кетейік. Оның 98-і емдеуге жатқызылды, оның ішінде екі бала қарқынды терапия бөлімшесінде емделді.
"Уақытылы және білікті медициналық көмек пен барлық жауапты органдарды нақты үйлестірудің арқасында Маңғыстаудағы жағдай толығымен тұрақтандырылды және балалардың денсаулық жағдайы алаңдаушылық туғызбайды", – делінген ДСМ хабарламасында.
Еске салайық, Маңғыстауда астан уланған оқушылар мектеп асханасында ашыған тамақ жегендерін айтқан болатын.
Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылының тұрғыны Светлана Масатаеваның екі бірдей қызы мектепте астан уланған. Жұма күні кеште бірінің, түнде екіншісінің іші ауырып, құсып, дене қызуы көтерілген. Оқушылардың жаппай улану дерегі Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте болды. Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, 460 бала ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. 83 оқушы облыстық жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Қалғандары үй жағдайында емделіп жатыр.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының айтуынша, балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсинді белгілермен келген. Яғни іш ауру, құсу, жүрек айну және іш өту белгілерімен түскен. Оқушылардың барлығы консервативті ем қабылдап жатыр.
Осы жағдайдан кейін аталған мектептің асханасы жабылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары асханадағы тағамдардан тиісті сынамалар алған. Бірақ оның қорытындысы әлі шыққан жоқ.
Мектеп директоры Тойлыбай Аймағанбетовтің айтуынша, асхананы 9 жылдан бері бір кәсіпкер жүргізіп келеді. Биыл да байқауда сол жеке кәсіпкер ұтып, онымен 3 жылға келісімшарт жасалған. Оқушылар уланған күні асханада бастауыш сыныптың 806 баласы тамақтаныпты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!