Маңғыстауда Қаратұрын кен орнында ұңғымадан шыққан өрт екі жарым айдан бері әлі өшкен жоқ. Салдарынан қоршаған орта ластанып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Экологтар облыстағы ауа құрамын тексеріп, 2540 мг/м3 метанның шекті мөлшерден асып кеткенін анықтады.
"Компания өкілдері кен орындағы жағдай тұрақты, ал жанып тұрған алаудан қоршаған ортаға келетін зиян жоқ деп сендіріп әлек. Бірақ біздің мамандар сынамалар алды. Алғашқы нәтижесі белгілі. Енді жауапкершілік мәселесін көтеру үшін қоршаған ортаға келтірілген залалдың нақты келемі анықталады. Өрт толықтай өшірілгенде, тексеру жүргізіліп, айыппұл салынады", - дейді облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Түкенов.
Ақтау қаласынан 277 шақырымда орналасқан "Оңтүстік Қаратұрын" мұнай кен орнында өрттің тұтанғанына 2,5 ай болды.
Ұңғымалардың бірінде жөндеу жұмыстары кезінде жер астынан газ-су қоспасы атқылап, өртке ұласқан. Мамандар оны өшірудің түрлі шарасын қолданды. Алайда жер ойылып, ұңғыма жер астына түсіп кеткен.
Төтенше оқиғаға байланысты арнайы штаб құрылып, өртті өшірудің техникалық жобасы әзірленді. Сол жобаға сәйкес жанып жатқан ұңғымаға 68 метр, 509 метр жер қазылып, бағаналар түсірілген.
Қазір үшінші бағыт бойынша 1400 метрге жуық аумақты қазу жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыс аяқталысымен мамандар апатты жоюға кіріспек.
Жауапты компанияның басшылары қызыл жалын 10 қыркүйекке дейін ауыздықталатынын жеткізді.
Сая Мәжитқызы
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!