Экология вице-министрі Жомарт Әлиев Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнында шыққан өрттен ауаға метан таза күйінде тарамағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
BBC арнасы "Бозащы-Мұнай" кәсіпорнына қарасты Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнында былтыр бірнеше ай бойы ауаға 127 мың тонна метан бөлінгенін хабарлаған еді.
Алайда министрдің орынбасары бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнында апат болды. Бірақ метан таза күйінде ауаға тарамады. Себебі метан - улы газ. Төтенше жағдай кезінде оны өртеу керек", - деді вице-министр Үкіметтің баспасөз орталығында.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысының экология департаменті апта сайын кен орнынан талдау алып отырған.
"Ұңғыма жанғанда оның жанына жақындау мүмкін болмады. Себебі бұл техникалық қауіпсіздік ережесіне қайшы. Алайда апта сайын алыстан тиісті талдаулар алынды. Нәтижесінде ауаға ластаушы заттардың жекелеген түрі шектен тыс тарағаны анықталды. Бүгінде бұл ұңғымаға жоспардан тыс тексеріс аяқталып, компанияға айыппұл салынды. Жалпы апат салдарынан ауаға таза метан тарады деп айту дұрыс емес", - деді Жомарт Әлиев.
Министрлік өкілі "Бозащы Мұнай" кәсіпорнына шамамен 500 миллион теңге айыппұл салынғанын жеткізді.
Айта кетейік, 2023 жылғы 9 маусымда Маңғыстау облысы Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнындағы ұңғымыдан өрт шыққан болатын. Облыстық экология департаменті апат қоршаған ортаны ластап жатқанын хабарлады. Басқарма қызметкерлері мұны апат аймағындағы ауа мен топырақ сынамасын талдау кезінде анықтады. Олар ластаушы заттар құрамында метан көп кездескенін, нормадан бірнеше есе асып түскенін байқаған.
Кен орнындағы өрт 2023 жылғы 25 желтоқсанда сөндірілді.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!