Маңғыстау облысында қаза тапқан аңшының туыстары оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты

Маңғыстау облысында қаза тапқан аңшының туыстары оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты
Фото: depositphotos.com

Маңғыстауда аңшының қаза болуына қатысты іс бойынша оқиғаның жаңа дерегі пайда болды. Марқұмның туыстары оқиға орнында екі емес, төрт адам болуы мүмкін екенін айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде аңшыны өлтіруге үш адам қатысуы мүмкін деген ақпарат тарады.

Жазбада 1 желтоқсанда аңға төрт ауылдас шыққаны айтылған. Ал 2 желтоқсанда күндіз ер адамдардың бірі серіктесін басынан атып, соның салдарынан ол қаза тапқан делінеді. Оқиғадан кейін олар дереу медициналық көмекке жүгінбей, сондай-ақ құқық қорғау органдарына бірден хабарламағаны туралы да болжам бар.

Одан кейін марқұмның мәйіті тоғыз сағат бойы көліктің жүксалғышында жатуы мүмкін екені, ал түн ортасынан кейін, 3 желтоқсанда, оның Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілгені айтылады. Аңшылық құрал-жабдықтары, соның ішінде қайықтар мен қарулар жасырылған болуы мүмкін.

Lada.kz тілшісі қаза болған адамның туыстарымен байланысып, бұл мәліметтерді растаған. Алайда олар мұның нақты дәлелденген дерек емес, өздерінің жорамалдары екенін атап өткен.

Отбасы мүшелері әділ әрі объектив тергеу жүргізуді және оқиға орнында болған барлық тұлғаның әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрайды. Қазір іс бойынша тергеу шаралары жалғасып жатыр.

Оқиға 2 желтоқсанға қараған түні болған. Екі дос Қарақия ауданында құстарға аң аулау үшін қайықпен шыққан. Нәтижесінде 49 жастағы ер адам мылтықтан абайсызда 52 жастағы серіктесіне оқ атып алған. Салдарынан ер адам өаза тапқан. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget