- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстау облысында қаңғыбас...
Маңғыстау облысында қаңғыбас иттер асыл тұқымды ешкілерді қырып кеткен
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Батыр ауылдық округіндегі шаруа қожалығының иесі таңғы 4-5-тер шамасында қаңғыбас иттер қорадағы асыл тұқымды ешкілерін қырып кеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Батыр ауылындағы Толқын 67 мекенжайында болған. Бейнежазба иесінің сөзінше, қаңғыбас 5 ит қораға кіріп, 26 бас асылтұқымды ешкісі мен 14 бас лағын қырып кеткен.
"Бұл асыл тұқымды ешкілерді "Нұр капитал" бағдарламасымен несие алып бағып жатыр едім. Сол асыл тұқымды ешкілердің сүтін ауыратын үлкен кісілерге беріп, ірімшік, құрт, қаймақ өнімдерін қайнатып отыр едім. Бір жанұяны бағып отырған ешкілерімді қаңғыбас иттер екі сағатта қырып салды", - дейді кәсіп иесі Құмар Нұрпейісова Mangistau_story парақшасына қалдырған жазбасында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бекболат Қабатбаевтың айтуынша, жануарларды қорғау туралы заң шыққаннан бері бұл бағытта реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда зардап шеккен тарапты нақты қолдау шаралары әлі қарастырылмаған.
Бүгінде қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары кестеге сай және тұрғындардан түскен өтініштер негізінде жүргізіліп жатыр.
"Әкімдік шаруа қожалықтары мен тұрғындар үшін малды қараусыз қалдырмау, қоршауларды биік ету және тағы да басқа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деді Бекболат Қабатбаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан