Маңғыстауда тұрғын үйдің ауласында газбен жылыту қазандығы жарылып, ғимарат жермен-жексен болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқыс оқиға Ақшұқыр ауылында болды. Қатты дүмпуден қазандық тұрған сарайдың күл-талқаны шыққан.Оған жапсарлас тұрған көрші үйдің тастан қаланған шарбағы да опырылды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Үй иесінің айтуынша, жарылысқа елдімекенде электр жарығының жиі сөнуі себеп. Электр энергиясымен жұмыс істейтін қазандық бұған дейін бірнеше рет авариялық жағдайда өшіп, қайта қосылған.
"Кеше кешкі сағат 6да жарық өшті. Соның салдарынан насос жасамай қалып, суы айналмай осындай жағдайға әкелді. Жарық күнара өшеді. Біз әкімдіктен жауап күтсек, он сегізінші ящикте ақау болып жатыр дейді. Кейде жеке кәсіпкерлердің қарамауынан ақау болып жатыр деп жауап береді. Міндетті түрде адам зардап шегу керек пе? Мәселені неге шешпейді",-дейді ауыл тұрғыны Ақиқат Жауынов.
Ауыл әкімінің сөзінше, бұл көшедегі электр желісіне 800-дей жер үй мен 20-ға жуық кәсіпкерлік нысандар қосылған. Әр ғимараттың трансформаторы бар. Алайда, олардың ақаусыз жұмыс істеуін ешкім қадағаламайтын көрінеді.
"Төтенше жағдай бөлімшесінің мамандарымен мәселені қарастыру экспертизасы тағайындалды. Экспертиза нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар заң алдында жауап беретін болады. 2017-2018 жылдан бері техусловия берілген. Кәсіптік нысандар электр энергиясын алып отыр. Сол кәсіпкерлік нысандар дер кезінде қарау, жөндеу жұмыстарын жүргізбегендіктен өшіп қалу фактілері болып отыр. Олар сол ұяшықтан ток алып отырған тұрғындарға да зиян тигізуде",- дейді Ақшұқыр ауылы әкімінің міндетін атқарушы Айдос Елемесов.
Тұрғындардың айтуынша бұл алғашқы оқиға емес. Сондықтан мамандар кәсіпкерлер мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!