Маңғыстау облысында жолаушылар мінген такси апатқа ұшырап, өртенді

Фото: Видео кадры

3 желтоқсанда күндіз Жаңаөзен - Ақтау тасжолында жолаушылар мінген такси апатқа ұшырап, өртенді. Зардап шеккен жолаушылардың айтуынша, жүргізуші оларды өтіп бара жатқан көліктің біріне мінгізіп, оқиға орнына жеткен полицияға жолаушыларды тасығаны туралы хабар бермеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зардап шеккен тарап өкілінің айтуынша, оқиға шамамен сағат 15:00-де болған.

"Такси жүргізушісі адамдарды жинап, Жаңаөзеннен Ақтауға жолға шыққан. Ол сағатына 180 шақырым жылдамдықпен келе жатып, Газель көлігіне соғылған. Соққыдан көлік отқа оранған, бірақ жолаушылар сыртқа шығып үлгерген. Осыдан кейін такси жүргізушісі адамдарды ауруханаға жеткізу үшін оларды өтіп бара жатқан көлікке отырғызып, өртсөндірушілерді, полицияны шақырған. Ол неге екені белгісіз, апат болғанын және оның көлігінде жолаушылар отырғанын айтпаған. Бір қыздың көп жері сынған, ол ауруханада жатыр", - дейді  заңгер Диана Исабекова.

Заңгер полиция жәбірленушілердің мәлімдемесін бірден қабылдамағанын айтты.

Маңғыстау облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік беріп, жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Апат салдарынан зардап шеккен жолаушылар ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ведомство.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан