Маңғыстауда 2025 жылға дейін 22000 орындық 21 мектеп салынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жайлы мектеп" жобасы аясында 2023-2025 жылдарға облыста 22000 орындық 21 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде сегіз мектеп Ақтауда, үшеуі Жаңаөзенде салынады. Сондай-ақ, Бейнеу ауданында - 2, Маңғыстау ауданында -2, Мұнайлы ауданында 6 мектеп салу жоспарланған. Тізімді қалыптастыру кезінде облыстың өзекті мәселелерінің бірі - табиғи туудың жоғары көрсеткіші және ішкі көші-қонның өсуі ескерілді. 2023 жылға 13 мектеп жоспарланса, қазір 10 мектептің құрылысына конкурс жарияланды", - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар, 2024 жылы 12 900 орындық 13 мектеп, 2025 жылы 9 100 орындық 8 мектеп салу жоспарланған. Мектептер пайдалануға берілгеннен кейін облыста 15 үш ауысымды (3999 орын) мектепте, 2 апат жағдайындағы (1368 орын) мектепте және 34 мектепте (9 991 орын) орын тапшылығы жойылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!