Жаңаөзен-Ақтау тасжолының 34/193 шақырымында қайғылы жол-көлік оқиғасы болып, екі адам қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Апат салдарынан оқиға орнында алған жарақаттардан Mitsubishi автокөлігінің 69 жастағы жүргізушісі қайтыс болды, ал Toyota көлігінің 48 жастағы жолаушысы ауруханаға барар жолда жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Сонымен қатар, зардап шеккен бес адам Жаңаөзен қаласының ауруханасына жеткізілді.
"9 қаңтар күні сағат 22:20 шамасында 102-ге Жаңаөзен-Ақтау тас жолының 34/193 км жол-көлік оқиғасы туралы шақырту келіп түсті. Mitsubishi Lancer автокөлігінің жүргізушісі Toyota Avalon автокөлігімен соқтығысқан", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер нейрохирургия бөлімінде жатқан науқастың сынықтары мен бетіндегі жараларды анықтаған. Травматология бөлімінде жатқан зардап шеккендердің бірі бас-ми жарақатын, тізе буынынан жарақат алған. Екіншісінің басы мен кеудесі жарақаттанған.
Дәрігерлердің айтуынша, реанимацияда жатқандардың жағдайы ауыр. Зардап шеккендердің бірінде жамбас сүйегінің ашық сынығы, ТМЖ, екіншісінде полижарақат бар.
Бұл факт ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша Қарақия ауданы ББ ЕҚДБ-да тіркелген. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!