Маңғыстау облысында екі адам қосылып тұрған көлікте ұйықтап қалған. Салдарынан біреуі уланып қайтыс болған, ал екіншісі аудандық ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Lada.kz.
Полиция мәліметінше, оқиға 28 қаңтарда болған. Сағат 14:10 шамасында Маңғыстау облысы Бекі кентінде ер адам өз көлігінде көміртегі тотығымен уланғаны туралы шақыру түскен. Осылайша, Toyota Prado маркалы көліктен зорлық белгілері жоқ 38 жастағы адамның денесі және есінен танған тағы бір ер адам табылған.
"Көлікте 38 және 40 жастағы ер адамдар болған, олар қосылған көлікте ұйықтап қалған, соның салдарынан біреуі қайтыс болып, екіншісі аудандық ауруханаға жеткізілген. Бұл дерек Маңғыстау ауданының полиция бөлімінде тіркелді. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр", - деді өңірдің Полиция департаменті өкілі.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері 1984 жылы туған ер адамның жағдайы туралы айтты.
"Науқас есін жиған жоқ, жансақтау бөлімінде. Жағдайы өте ауыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған", - деді облыстық аурухананың баспасөз қызметі өкілі.
Куәгерлердің айтуынша, олар - демалыс күні аң аулауға шыққан бауырлар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!